Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бұл жерде туып-өскен әрбір азамат ұлтына, нәсіліне, діні мен мәдениетіне қарамастан Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Өскеменде Қасым Қайсенов атындағы әскери бөлімде араб жігіті Абдалла Салих Сами Эль-Том әскери борышын өтеп жүр.

Салих Абдалла Сами Эль Том қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерінде еркін сөйлейді. Әсіресе мемлекеттік тілге жетік. Қазақша білім беретін мектепте оқыған. Анасы қазақ қызы.

Кейіпкеріміз полиглот қана емес, шығармашылыққа өте жақын. Қылқаламды қолға алса суретке жан бітіреді. Ара-тұра шабыт шақырып, өлең де жазады.

Командирлерінің айтуынша, Салих ротадағы ең үлгілі жауынгерлердің бірі. Дегенімен, Салих болашағын әскери өмірмен емес, шығармашылықпен байланыстыратынын атап өтті.