Жексенбі күні барша православ христиандары пасха мерекесін атап өтті. Достық үйі-қоғамдық келісім орталығына жиналғандар арнайы ұйымдастырылған шеберлік сағаттарына қатысты, ән айтты, би билеп, ойын ойнады. Шығармашылық ұжымдардың мерекелік концерті шараның ажарын аша түсті.

Бұл күні Достық үйі-келісім орталығы алаңында қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті. Ал орталықта балаларға арналған шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Балалар ата-аналарымен бірге жұмыртқа бояп, әсемдеді. Оларға «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің мұғалімі Лариса Кокушинская көмектесті.

Бұдан бөлек, мереке нышаны ретінде үлкен жұмыртқа макеті де қойылды. Келушілер балаларымен бірге оған өрнектер салып, бояды. Денис Вентцель де бұл шарадан қалыс қалмады. Ол да өз үлесін қосты.

Бұл күні жиналғандар түрлі әндер шырқады. Ойын ойнап, көңіл көтерді. Глубокое ауданы Бобровка ауылынан келген «Смородина» шығармашылық бірлестігінің ұжымы да өз өнерлерін ортаға салды.

Пасха мерекесіне орай балалардың сурет байқауы ұйымдастырылды. Ал этнографиялық мұражай діни мерекенің тарихы туралы тың мәліметтерді ұсынды. Шара этномәдени бірлестіктердің мерекелік концертіне ұласты.