Жылқыны жанына серік еткен жұрт, Глубокое ауданы Винное ауылында бас қосты. «Шығыс арғымағы – 2025» ат көрмесіне өңірдің түкпір-түкпірінен асыл тұқымды тұлпарлар іріктелді. Ерекше шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов барды.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан сәйгүліктерді тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Алаңда үлкен киіз үй тігіліп, ұлттық құндылықтар насихатталды. Бағдарлама аясында аударыспақ, теңге ілу, ат үстінде садақ ату сынды спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жұрттың делебесін қоздырды.

Байқауға 13 сәйгүлік қатысты. Тұяғы жер тарпыған тұлпарлардың бітімінен бөлек күтімі де ерекше назарға ілінді. Сайдың тасындай тізілген арғымақтар 12 талап бойынша бағаланды.

Бура сан, бота тірсек сәйгүліктерді сайлап мініп, тақымға толар тарланын таңдап додаға түскетіндердің қатары елімізде жыл өткен сайын көбейіп келеді. Байқауға қатысқан аттардың ішінде таза қанды ағылшын және араб тұқымдысы да, асыл тұқымды жылқылармен будандастырылған жергілікті жүйріктер де болды. Бабы келіскен кіл жүйріктің ішінде оқ бойы озып шыққаны Тагранд атты сәйгүлік. Ол бұған дейін де облыстық жарыстарда жүлде алған.

Жеңімпаздарға қомақты қаржылай сертификаттар табысталды. Бұдан бөлек, «Көрермен көзайымы» номинациясын алған сәйгүліктің иесіне ынталандыру сыйлығы берілді.

Аймақта ат спортымен қатар иппотерапияға да ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – шабандоздық арқылы емдеу әрі оңалту әдісі. Аймақ басшысы алдағы уақытта Риддер қаласы мен Ұлан ауданында шабандоздықпен байланысты жаңа спорттық бағыттардың енгізілетінін айтты. Шара соңында көпшілікке концерт қойылып, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұсынылды.