Риддер қаласын жылумен қамтамасыз ету үшін өңір бюджетінен 180 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінбек. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс онсегізінші сессиясында мәлім болды. Сессия аясында 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке түзетулер енгізілді.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Фархат Белбеев облыстық бюджетке енгізілетін өзгерістер туралы баяндады. Атап айтсақ, қаржының басым бөлігі білім беру, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, сәулет және қала құрылысы салаларына жұмсалмақ.

Облыстық бюджет қаражатын бекіту барысында Өскемендегі 19-шы шағын ауданда 600 орындық мектептің инфрақұрылымын салуға да қаржы қарастырылған. Ал Зайсан ауданындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасындағы балалардың жеңілдікпен жол жүруін қамтамасыз ету мен әлеуттік, арнайы жұмыс орындарын ашуға қаржы бөлінбек.

Бюджет жоспарын бекіту бірауыздан мақұлданды. Бұдан бөлек, сессия барысында 2024 жылдың жұмыс жоспары талқыланып, Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ереже бекітілді.