Шығыс Қазақстан еліміздің көшкін қаупі жоғары өңірлерінің бірі. Әсіресе, биік таулар қоршаған тасжолдар бойында асқан сақтық керек. Мұндайда адамдардың амандығы мен инфрақұрылымға залал келтірмеу мақсатында өткізілетін көшкіннің алдын алу жұмыстары маңызды. Көшкін қаупі кезеңі басталған соң Қазселденқорғау қызметкерлері қауіпті учаскелерде сақтықты күшейтті.

Қар көшкіні қаупі кезеңі басталған соң облыста 497 қар көшкіні ошағы тіркелгені белгілі. Оның 325-ін бақылау филиалдары бақылайды. Қар қалыңдығын өлшегендегі көрсеткіштер бойынша ең қалың қар жауған аумақтар Самар ауданы мен Риддер қаласы маңы. Сондай-ақ, Глубокое ауданы мен Таулы Үлбі кентінің аумағында қар қалың.

ШҚО ТЖД қызметкерлері жолға, тіпті тауға шықпас бұрын ауа райы болжамын қарау қажет екенін еске салады. ТЖ қызметтерінен түсетін дауылды ескертулер кезінде көшкін қаупі бар аумақтардан аулақ болып, өмірге қауіп төндірмеу керектігін айтады. Сондай-ақ, мамандар төтенше жағдай кезінде дереу «112» нөміріне хабарласу керектігін еске салды.