Үкіметке шаруаларды отандық тұқыммен қамтамасыз ету тапсырылды. 2028 жылы бұл көрсеткіш 80% -ға дейін ұлғайтылуы тиіс. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Президент Қасым – Жомарт Тоқаев мәлімдеген еді. Осы бағытта Шығыс Қазақстанда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын әріптесім біліп қайтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев форумда атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу, саланы индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру, ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету, селекция мен тұқым шаруашылығын жандандыру, озық технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру және агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін күшейту мәселелерін қозғады. Ауыл шаруашылығы ғылымын белсенді дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды.
Өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытып жүрген кәсіпорындар бар. Солардың бірі - «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС.
Президент Үкіметке жоғары сапалы тұқымдардың үлесі кемінде 15% -ды құрауы тиіс екендігін де айтты. Осы нәтижеге қол жеткізу үшін шет елдердің озық тәжірибесін зерделеу керек. Биыл селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту бойынша кешенді жоспар да қабылданған болатын.