Риддер тұрғындары жаңа аурухана кешенінің құрылысы аяқталып, іске қосылатын күнді тағатсыздана күтуде. Бұл ғимараттың кеншілер қаласы үшін маңызы зор. Аймаққа жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова нысанда атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап қайтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде қайтарылған қаражаттан Риддер қаласындағы 200 орындық стационары мен бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын емханасы бар көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға 28,2 млрд. теңге бөлінді. Үкімет 2021 жылы басталған аурухана кешенінің құрылысын аяқтау үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. Жобаның жалпы құны – 34,8 млрд. теңге. Қазіргі уақытта 6,6 млрд. теңге игерілді. Оның ішінде 2 млрд. теңге республикалық бюджеттен, 4,6 млрд. теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Қалған қаражат Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінеді.
Аурухана сараптамалық кластағы медициналық жабдықтармен жабдықталады. Мұнда 500-ден астам қызметкер жұмыс істейтін болады. Ал Риддердің халқы 55 мың адамды құрайды. Оның 22,7%-ы 60 жастан асқандар. Сондықтан нысанның ашылуы демографиялық жүктемесі жоғары қала үшін өте маңызды.
Бұған дейін қала тұрғындарына қызмет көрсеткен нысан 80 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Ғимарат ескі әрі қазіргі заман талабына сай келмейді. Сонымен қатар халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қосымша кардиология, инсульт, травматология бөлідерін ашу қажет.