Соңғы бес жылда елде бүйрек жетіспеушілігі салдарынан диализге түскен науқастардың саны 3,5 есе өскен. Ал оларды емдейтін маман тапшы. Статистикалық дерекке сүйенсек, елдегі әрбір оныншы адамның бүйрегі ауырады. Мемлекет тарапынан бұл дертке шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету сапасы да жыл өткен сайын артып келеді. Бұл дерттің алдын алуда өңірдегі дәрігерлер тынбай еңбек етіп келеді.
Бүйрек — ағзадағы негізгі фильтр. Ол ақуыздың алмасуын реттеп, гормонды синтездейді. Қан қысымын қалыпты ұстап, кальций элементі мен Д дәруменінің ағзаға сіңуін қамтамасыз етеді. Өскемендегі урология бөлімінде қазіргі таңда тікелей бүйрекке қатысы бар дерт түрлерімен 50 ге жуық науқас ем алып жатыр.
Бүйрек – маңызды орган. Оның зақымдануы ағзада үлкен өзгерістерге әкелуі мүмкін. Ол асқазан, ми, жүрек-қантамыр жүйесіне, жүйке талшықтарына бірден әсерін тигізеді. Өңірде созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бойынша кезекте тұрған науқас саны көп.
Облыстық мамандандырылған медициналық орталықта 30 қараша күні ашық есік күні өтеді. Уролог мамандар тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетеді.