Өскеменде мектеп оқушыларының қатысуымен «Вена балы» өтті. Шараны Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты ұйымдастырған. Би кешіне 230 дан астам бала қатысты.
Дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын «вальс пати» 2007 жылы батсау алған. Жыл өткен сайын салтанатты шара маңызын жоғалтпай, жанданып келеді. Екі жүздей баланың басын қосқан би кеші «Талғам» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Қатысушыларға қолдау білдіруге ұстаздар да келген.
Үлкен терезелі, кең мекемеде өткен шараға оқушылар тегіс классикалық үлгідегі киіммен жиналды. Оқушылар балда жұптық бидің түр-түрін көрсетті. Әдемі көйлек киген аруларға қарап көз тоймайды. Сайысқа қатысқан жастар мұндай кештің өткізіліп жатқанына дән риза.
Ержан Халелов – бал кешіне он топты дайындап, оқушыларға бидің қыр-сырын үйреткен. Оның айтуынша, вальс әсемдік пен көркем мінездің үндестігі.
Дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің оқушылары бұдан бөлек түрлі үйірмеге қатысады. Өнерлерін тек мектепте ғана емес, облыстық, республикалық деңгейде көрсетіп жүр.
Сайыста әділқазылар алқасы ең үздік биші жұптарды анықтап, сыйларын тарту етті.