Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған орай, Алтай ауданында дәстүрлі «Ұрпақ қуаты» атты 14-ші жастар форумы өтті. Шара аясында мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға үлес қосқандар марапатталды. Марапаттау рәсіміне ауданның белсенді азаматтары, жұмысшы және шығармашыл жастар, спортшылар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Шарада білім беру орталықтарының өкілдері көрме ұйымдастырды. Жастар өз салалары бойынша айшықты жаңалықтарымен бөлісіп, жобаларымен таныстырды.

Көрмеде мектеп оқушыларының өз қолымен жасаған ұлттық нақыштағы бұйымдары да көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты шара мерекелік концертпен басталды.

Форумда ауданның дамуына үлес қосқан жастар марапатталды. Оның ішінде спортшылар, полиция қызметкерлері, дәрігерлер, еріктілер бар.

Марапат иесінің бірі - Роман Тлеуленов. Ол «Жан мен тән шипагері» номинациясында жеңімпаз атанды.

 «Спорт – бұл өмір» номинациясын Еркебұлан Тоқтарқанов қанжығалады. Білікті бапкердің шәкірт тәрбиелеп жүргеніне 10 жылдан астам уақыт болған.

Аудан әкімі Ренат Құрмамбаев қазіргі күні жастардың сапалы білім алып, қалаған ісімен айналысуға толық мүмкіндік бар екенін айтады.

Жыл үздіктерін марапаттау рәсімінің мақсаты-жастарды өз елінің патриоты болуға шақыру.