Экология департаменті ауа сапасын тексеру мақсатында рейдке шықты. Жуырда аймақ басшысы Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен арнайы топ құрылған болатын. Оның құрамында экологтар, сарапшылар, қоғам белсенділері мен метеорологтар бар. Тексеріс нәтижесі қандай? Әріптесім айтсын.

Тексеріс жұмысы «Май» АҚ-ның санитарлық-қорғау аймағында басталды.Мамандар арнайы аспаптың көмегімен ауа сапасына түрлі сынама жасады. Нәтижесінде хлордың шекті рұқсат етілген концентрациясының екі есе артқаны анықталды.

Көмірқышқыл газының шекті мөлшері артқанын автоматты жүйе де анықтаған. Өзге көрсеткіштер қалыпты деңгейде. Мұны аймақ тұрғындары онлайн түрде «AirKz» қосымшасы арқылы да бақылай алады.

Бұдан кейін, арнайы топ өкілдері «Казцинк»ЖШС-де ат басын бұрды. Күні кеше әлеуметтік желіде «Қазцинк» зауытында апат болды деген бейнежазба тараған болатын. Мамандар бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын мәлімдеді. Рейд барысында кәсіпорынның экологтары топ мүшелеріне өндірістік газдарды тазартатын «Lavalin» қондырғысын көрсетті. Сондай-ақ технологиялық процесс барысында суды салқындату үшін қолданылатын градирнядан бу бөлінетіндігін айтты.

Мамандар Өскеменде қолайсыз метерологиялық жағдай қараша айының соңына дейін сақталатынын айтады. Бұл жайт жыл сайын қазан-қаңтар айларында қайталанатын көрінеді. Себебі, осы кезеңде желсіз, тымық күндер жиі тіркеледі,- дейді синоптиктер.