Өңірде «Өскемен тынысы» экологиялық бағытта жұмыс істейтін арнайы бюро құрылады. Жаңа ұйым қаланың ауасына қатысты қордаланған мәселені шешумен айналысады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында аймақ басшысы Ермек Көшербаев айтты. Жиында талқыға түскен мәселе жайлы әріптесім Қымбат Иманғалиева рет-ретімен.

Ұйым құрамына қарпайым тұрғындардан бастап құзырлы орган өкілдері кіреді. Қаладағы әр ауданда арнайы құрылғылар орнатып сол арқылы эко-ахуалға тұрақты мониторинг жасалып отырады. Кәсіпорындардағы сүзгілердің уақытылы ауыстырылуын қадағалайтын болады.

Ал ауаны ластап, тіпті тұрғындардың денсаулығына нұқсан келтіретін зиянды затты шектен тыс шығаратын кәсіпорын анықталса, жетекшілері жауапкершілікке тартылуы да мүмкін. Ең негізгісі ауа құрамына қатысты ақпарат әрбір тұрғын үшін анық әрі ашық болуы шарт.

Эколог Дәулет Асанов қолайсыз метреологиялық жағдай кезінде кәсіпорындар өнімділігін азайтуы қажет және оған нақты мониторинг жүргізілуі тиіс деген пікірде.

Облыс әкімі жаңа кеңесті ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі Елена Березинская-Әбіловаға басқаруды ұсынды.

“Өскемен тынысы” бюросы экологиялық ахуалға мониторинг жүргізіп, мемлекеттік органдарға ұсыныстар әзірлейді. Бұдан бөлек, экологиялық бағдарламалардың тиімділігін тексеріп, тұрғындарға нақты ақпарат берумен айналысады.