Ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінде «Өнер. Шабыт. Талант» облыстық байқауы өтті. Конкурсқа техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты. Жарысқа аймақтың түкпір-түкпірнен өнерлі, талантты ұстаздар келді.

Бұл байқаудың маңызы зор. Себебі, мұнда жүздеген үздік педагогтің еңбегін көріп, білуге болады. Ұстаздар сынға түскен сайыс бес бағыттан тұрды. Оның ішіне аспаптық орындау, вокалдық өнер, хореография, авторлық туынды, қолөнер кіреді.

Сахнада ұстаздар ән шырқап, би билесе, көрмеге көздің жауын алатын түрлі туындылар қойылған. Көз жүгіртіп қарасаңыз майлы бояумен салынған картиналар, тоқыма заттары, тіпті тағамнан жасалған сәндік бұйымдарды да көруге болады. Ақжарқын Зикенованың нан тағамынан жасаған сәукелесі көптің көзіне түсті. Қазақ қызының бойына көрік беретін бас киімді наннан жасаған Ақжарқын оны безендіріп, біртұтас қалыпқа келтірген. Сәукеленің биіктігі – 52 сантиметр.

Мұндай шебер, талантты ұстаздар талапты шәкірт тәрбиелейтіні анық. Марқакөлден келген Сайра Оразхан қазақ халқының тыныс-тіршілігін бейнелейтін картинаны киізден жасапты.

Ал, Самар ауданынан келген Айдархан Сарбасовтың мұндай байқауға алғаш қатысуы. Ол көңілдегі толғанысын жасыра алмады.

Өнерлі педагогтер байқауда ашылмай жүрген қырларын көрсетіп, көптің көзін сүйсіндірді. Байқау жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар табысталды.