Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін алдағы бес жылда екі есеге арттыру міндетін қойды. Бұл ретте осы саланың жауапты мамандарына жүктелген міндет ауқымды. Суармалы, жайылымдық жер мен өнім өнімділігін арттыру, бәсекеге қабілетті болу, агроөндірістік кешен жұмысын жетілдіру қажет. Әр аймақта жауапты ведомство бекіткен жоспарға сай жұмыс істеу және оны орындау осы межеге жетуге серпін береді. Өңірде тапсырманыжүзеге асыруға негізделген жоспар әзірленді. Ағымдағы жыл басынан бері бұл саладағы кешеуілдеп жатқан шаруалар да бар. Әсіресе, ірі қара мал басын асылдандыру, ескі техникаларды есептен шығарып, жаңалау, жоспарланған жобаларды жүзеге асыру. Бұл туралы әкімдікте өткен жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Диляра Жылқайдарова мәлімдеді.
Жиында дәнді-дақылдарды егу және өнім алуда кейбір аудандар кестеге сай емес, белгіленген жоспарды орындамағандығы айтылды. Мәселен, қарақұмық пен картоп сияқты дақылдардың егіс алқаптары бойынша жұмысты күшейту қажет. Сондай-ақ су үнемдеу технологиялары да барлық ауданда толық енгізілмеген. Салаға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды да жетілдіру маңызды. Ал аудан және қала әкімдерінің жауапкершілігіндегі тағы бір мәселе техника. Машина-трактор паркінің жаңарту және ескірген техниканы есептен шығару бағытындағы жұмыс бәсең.
Сүт өндірісін дамыту, өңделетін өнім үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Биыл өңірде 6 сүтті-тауарлы ферма құру жоспарланған болатын. Алайда, белгілі бір себептермен кейбір жобалар келер жылға ауыстырылды. Бұдан бөлек ірі қара асыл тұқымды мал импорттау бойынша сатып алынуы тиіс 1800 бас ірі қара жол шығынының көп болуына байланысты шаруалардың бас тартуы салдарынан жүзеге аспады. Бұл мәселені кейбір шаруалар өзге өңірлерден асыл тұқымды мал басын сатып алу арқылы шешкен.
Жиында қаралған тағы бір мәселе ветеринария қызметін жетілдіру. Мәселен, биыл бұл салаға 2,2 млрд.теңге қарастырылған. Жиында сөз алған басқарма басшысы Рамиль Сағындықов бруцеллез ауруының көрсеткіштері соңғы жылдары төмендегенін жеткізді. Бұған себеп жануарларды уақтылы сәйкестендіру, сапалы диагностикалау және екпе жасау уақтылы жүргізілгендігі.
Бүгінгі таңдағы басты мәселе маман тапшылығы және де мал қорымдарының жетіспеушілігі. Ветеринариялық қызметті жүзеге асыратын мекемелердің ветеринариялық пуктері де талапқа сай болуы тиіс. Ветерианриялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамсыз етудің негізгі талабы бойынша мал союға арналған арнайы нысандардың болуы. Бұл нысандар да өңірде жеткіліксіз. Өңірдегі қолданыстағы мал сою нысандары 56 болса, әлі 82 нысан қажет.
Жиында жастарды баспанамен қамтамасыз ету, «Серпін» бағдарламасы бойынша қолына диплом алған мамандарды жұмысқа орналастыру сияқты бірқатар мәселелер қаралды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауаптыларға жастарға арналған өңірлік тұрғын-үй бағдарламасын жан-жақты пысықтауды тапсырды.