С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті биылғы түлектердің 98%-ын жұмысқа орналастырып, ЖОО-арасында көш бастады. «Серпін» бағдарламасы аясында 340 түлек аймақта еңбек етіп жүр. Білім ордасының өзге де жетістіктері туралы есеп беру жиынында университет ректоры Төлеген Мұхтар баяндады.
Университет білім беру саласында жасанды интеллектті енгізу арқылы жаңа бағыттар ашқан. Ғылымдағы жетістіктері ауыз толтырып айтарлық. Соңғы жылдары 4,5 млрд. теңгеге 185 жоба жүзеге асырылған. Су тазартуға арналған фильтрлер мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту технологиялары сынды ірі бастамалар халық игілігіне қызмет етуде. Мұндай жаңашылдықтардың барлығын жүзеге асыру үшін құзіретті органдармен бірігіп үлкен жұмыс атқарылып жатыр деді, оқу орнының басшысы.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған еді. Бұл бағытта оқу орны аймақтық еңбек нарығын зерттеп, жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес 45 жаңа білім беру бағдарламасын іске қосқан. Соңғы үш жылда техникалық мамандықтарға баса назар аударылып, жоғары колледжде болашақ білікті кадрлар даярлануда. Шетелдік серіктестермен бірге қос дипломды бағдарлама жүзеге асты. Жақын арада университет академиялық хабқа айналып, білім мен ғылымның жаңа биіктерін бағындыруды көздеп отыр. Оқу орнының жеткен әрбір жетістігі ұжымның тынымсыз еңбегі мен бірлігінің нәтижесі, деді университет ректоры. Университет басшысының баяндамасынан соң, оқытушылар мен студенттер өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды.